Қазақстандық суретші Макаровтың «Парақтар» көрмесі Қастеев мұражайында көрсетілді | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Қазақстандық суретші Макаровтың «Парақтар» көрмесі Қастеев мұражайында көрсетілді

3829
6 минут
Қазақстандық суретші Макаровтың «Парақтар» көрмесі Қастеев мұражайында көрсетілді

Ә. Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер мұражайында қазақстандық суретші Георгий Макаровтың «Парақтар» атты көрмесі қойылды. Көрмеде суретшінің 2000-2024 жылдар арасындағы жұмыстары көрсетілді.

Экспозиция суретшінің 50 жылдық мерейтойына арналған. Көрме кураторы – өнертану кандидаты Екатерина Резникова.

Көрме идеясын суретші былайша айқындады: «Адам әлемге келгенде өмір бойы толтыратын таза парақтары бар «Өмір кітабын» алады. Біреулер оны оңай әрі еркін жазады, ал басқалары қайта жазып, түзетіп, жыртып, парақтарын желімдеп біріктіруге мәжбүр болады. Сонымен, суретші бүкіл шығармашылық жолында өз кітабын жасайды, жазады, өзі ойлап тапқан әлемнің – ғажайыптарға, тәжірибелерге, ойларға, бейнелерге толы әлемнің хикаяларын салады. Әр шығармашылық кезең, бұл кітаптың жаңа беті, әр сурет – суретші жасаған осы әлемге келген жаңа кейіпкер. Осы жылдар ішінде не бітіргенімді көргім келді. Осы аралықта жасаған жұмыстарыңды сырттай бақылаудың өзі ерекше әсер сыйлайды».

- Екі жұмыс бірнеше аптаның ішінде жазылған. «Періште» мен «Мәңгілікке қараған» атты картиналары экспозиция басталарда жасалған. Кейіпкер қолына анар ұстап тұр, ол ұрпақ, отбасы байлығы болып саналады. Бұл анардың ішінде дән көп, олар да адамдар сияқты бір-бірімен байланысқан.


Алайда адамдар әртүрлі болғандықтан, қарым-қатынастары туралы талқылай бастайды. Біз қаншалықты бірдей болсақ, соншалықты бөлекпіз. Анарға қарап тұрғанда қоғам еске түседі. Егер жемістің ішіне құрт түссе, ол жемісті күл-талқан етеді. Қоғамда да солай, егер құрт сияқты бір жан пайда болса, ол өзінің айналасындағыларды талқандай бастайды.

-Мен үшін періште Құдай жаратқан дүние, олар бізді бағыттайды, сақтайды, бізге жол сілтейді. Жалпы айтқанда періште – жер мен көк арасындағы жолсерік. Мына жерде сынып қалған кілт көрсетілген, бұл зат әртүрлі жұмыстарда бірнеше рет көріледі. Кілт – ескі белгі, - дейді суретші.

Кілт жауаптың әрқашан жанымызда екенін көрсетеді. Біз айналамызда не болғанына мән берместен өз сұрағымызға жауап іздейміз.

-Мысалы мынау – сынған кілт. Ол жауаптың бәрі жанымызда екенін көрсетеді. Алайда біз оны көрмейміз. Одан бөлек, кілтті сындыра отырып, жауаптан қашамыз. Бұл белгіні талқандалған тағдыр деп те атауға болады. Бір нәрсені ашуға мүмкіндігіміз бола тұра біз кілтті басқа құлыпқа саламыз.

Георгий тоғыз жыл бұрын салынған суретті де көрсетті:

-Ол он төртінші жылы басталған. Осы жылы бітірдім. Өз уақытын күткен болар. Жұмыстың аты «Арыстан, айдаһар және Қанатты пырақ». Кейіпкерлердің бәрі бір картинада тоғысты.

Қанатты пырақ – рухани әлемнің белгісі, арыстан – жер бетіндегі рахаттың символы, байлықты білдіреді. Ал айдаһар біздің ішімізде өмір сүретін әлем. Кейде айдаһар бізді жеңеді. Бұл оқиғада әркім өз таңдауын жасайды.

Суретші кейде көрермендер өзі күтпеген нәрселер айтып, таңғалдыратынын жасырмады.

-Көрермен кейде күтпеген оқиғалар айтады. Көрмедегі көрермен кейде өзіңнің ойыңа түспеген жаңалықтармен таңғалдырады.

Георгий Макаровтың жұмыстары әрі декоративті, әрі философиялық. Сол арқылы әлемге әлдеңе айтқысы келеді, осы ғаламды әдемілей түссем дейді.

-Кей адам менің картинамнан жай ғана гүлдерді көрсе, кей адам терең мағынасын ұғынады.

Ең бастысы – суретшінің өнерін сүйетін көрермен бар. Георгий өз жұмыстарын көңілі түскен адамға оңай сыйлай салады. Бір әжеге картинасы ұнап қалғанын сезіп қалып, оны қабырғадан алып, әжеге сыйлап жіберген.

«Макаровтың өзіндік стилі қалай қалыптасты?» – деп сұрадық біз.

-Менің педагогтарым жақсы болды. Көркем училищенің бірінші курсында оқып жүргенімде маған «Модернизм» деген кітапты берді. Осы кітаппен көп жұмыс істедім. Одан бөлек, әртүрлі суретшілердің шығармашылықтары туралы оқыдым, әртүрлі жанрдағы суретшілерді зерттедім. Мысалы, Нестеров пен Сальвадор Дали сияқты. Соған қарамастан, өзіме қызық болатын ортақ дүние таптым. Яғни өнерді өзім үшін қолдандым деп айта аламын, метафизиктердің шығармашылығы өнерімнің негізін салды. Джорджо де Кирико, оның жұмыстары, ресейлік, кеңес кезеңінің суретшісі Дмитрий Краснопевцевті атауға болады. Қастеев музейінде оның жұмыстары бар, менің сүйікті туындыларым – кішкентай натюрморт. Дмитрий Краснопевцев кеңес кезеңінің метафизигі болып саналады. Одан кейін Джорджо Морандидің натюрморттары. Бельгиялық суретші Рене Магритті атап өткім келеді.

Георгий Макаров икона мен Христің суреттерін де картиналарына арқау еткен.


Баян Барманқұлова, өнертанушы:

- Георгий Макаровтың өнері несімен ерекше? Оның әлемі өзгеше, Қар ханшайымының патшалығындай заттар мәңгілікке қар құрсауында қалған тәрізді әсер береді. Уақыттың билігі жүрмейтіндей. Контурлары анық. Көптеген натюрморттарында бізге бір бүйірі қарап тұрған шынылар шай ішуге шақырып тұрғандай әсерде қалдырады.

Ретроспективті экспозиция 2000-шы жылдардың басынан бастап қазіргі уақытқа дейін жасалған 100 – ден астам туындыларды қамтыды.

  • Комментарии
Загрузка комментариев...