Алиментті кім және не үшін төлеуі тиіс? | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Алиментті кім және не үшін төлеуі тиіс?

414
8 минут
Алиментті кім және не үшін төлеуі тиіс?


Қазақстанда алимент жүйесі қалай жұмыс істейді, оларға кім және қандай жағдайда құқылы, сондай-ақ алимент төлемейтіндерді өз міндеттемелерін орындауға қалай мәжбүрлеуге болатынды? Осы мәселелер жөнінде жеке сот орындаушы Талғат Бектеміров айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстанда ажырасу саны азайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы 44 500 жұп айырылысқан, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,7%-ға аз. Дегенмен, еліміз әлі де ажырасу саны бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Ажырасу жағдайларының 65%-ы балалары бар отбасыларда болған. Әдетте, ата-аналардың бірі оларды қамқорлығына алып, ал екіншісі оларды асырауға қатысуға міндетті.

Алимент-бұл "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске сәйкес бір ата-ананың оны алуға құқығы бар екіншісіне беруге міндетті ақшалай немесе материалдық төлемақысы. Алименттің ең көп тараған түрі – баланы асырауға берілетін төлемдер. Көптеген адамдар алимент өндіруге өтінішті тек некені бұзғаннан кейін ғана беруге болады деген қате пікірде.

"Алимент өндіру үшін ажырасу қажет емес. Ерлі-зайыптылар бірге тұрып, бірақ қандай да бір себептермен олардың біреуі екіншісіне алимент төлетуге өтініш бере алады. Немесе қандай да бір себептермен адамдар некені бұзбайды, бірақ бөлек тұрады, бұл жағдайда алимент төленуі мүмкін. Алдымен ажырасуға, содан кейін ғана төлемдерге өтініш беру міндетті емес. Ажырасу ісі ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, ал алимент алуды бірден бастауға болады", – дейді Талғат Бектеміров.
Жеке сот орындаушының айтуынша, тағы бір кең тараған қате түсінік – алимент төлеу туралы сот шешімінің мерзімі.

Мәселен, өндіріп алушы алимент алуға өтініш беріп, сот шешімін алды делік, бірақ оған екінші ата-анасының көмегі қажет болмады. Алайда, кейіннен қиын жағдай туындап, қаражат қажет болды. Енді төлемді алу үшін адам қайтадан сотқа жүгінеді.

"Алимент өндіріп алу туралы сот шешімі бала кәмелетке толғанға дейін жарамды. Яғни, сот шешімі шыққан сәттен 10 жыл өтсе де, бірақ бала 18 жасқа толмаған болса, оның заңды күші жойылмайды және шешімді мәжбүрлеп орындауға ұсынуға болады. Сотқа қайта жүгінудің қажеті жоқ", – деп түсіндіреді Бектеміров.
Қажет болған жағдайда алимент баланың 21 жасқа толғанына дейін төленеді. Алайда, егер алимент 18 жасқа дейін анасының пайдасына өндіріліп алынса, онда осы жастан кейін, бала күндізгі бөлімде білім алатын болса, ол өз бетінше сотқа жүгінуге және ата-анасынан төлем өндіру туралы өтініш беруге құқылы. Бұл қаражат енді баланың пайдасына өндіріледі.
"Бұдан бөлек, кәмелетке толған ерекше немесе ауруына байланысты еңбекке жарамсыз баланы күтіп-бағуға алимент талап етуге болады. Ол төлемдер нақты қажеттіліктерге де, алдағы қажеттіліктерге де тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ, егер ата-ана өз қаражаты жетіспейтін шығындарды көтерсе, ол алиментке қарамастан қосымша шығындарға жүгіне алады. Олар келісімдермен немесе чектермен расталуы керек", – дейді маман.
"Неке және отбасы туралы" заңға сәйкес, бір балаға алимент мөлшері жалақы, стипендия немесе мүлікті жалға беру төлемін қосқанда, барлық кірістердің ¼ бөлігінде анықталады. Бірақ, егер өндіріп алушы сомаға қанағаттанбаса, ол алиментті көбірек тағайындау үшін сотқа жүгіне алады.

Алимент төлеуден бас тартқан адамдар діни тұрғыдан да қатты сынға ұшыраған.

Белгілі ислам ғалымы Имам ибн Мунзир: "Әкенің кішкентай балаларына нәпақасын беруге тиіс екенін бүкіл ғалымдар бірауыздан қолдаған. Өйткені бала – адамның бауыр еті. Өзінің тәнін азықтандыруы тиіс болғанындай, баласын да тамақтандыру – оған міндет", – деген.

Ажырасқан күнде де әкенің балаларын асырап, бағуы (алимент төлеуі), оған жақсы тәрбие беруі шариғат бойынша міндет. Оны төлеуден қашу, табысын жасырып, аз мөлшерде төлеу – күнә.

Ал православтар өздерінің сенімдеріне байланысты алимент алуға көп жүгіне бермейді. Алайда, аталған дін мамандарының пікірінше, алимент өндіріп алу күнә емес, әсіресе бұрынғы жұбайы өз еркімен көмектесуден бас тартқан жағдайда.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша Қазақстанда 1 104 жауапкер қарызы үшін іздестірілуде. Егер ата-ана алимент төлемесе және төлемдері бойынша қарызы болса, өтініш беруші сотқа жүгініп, оларды ата-әжесінен өндіріп алуға өтініш бере алатынын көбі біле бермейді.

"Жеке сот орындаушы бұл төлемді автоматты түрде жүктеуі мүмкін деген қате түсінік бар, бірақ олай емес. Ата-әжелер атқарушылық іс жүргізудің тарапы болып табылмайды, ол күйеуіне, баланың әкесіне шығарылды. Бұл міндеттемелерді үшінші тұлғаларға жүктеуге өкілеттігіміз жоқ. Ол үшін сотқа жүгіну керек, ал шешім шығарылғаннан кейін жеке сот орындаушыға өткізуге болады", – деп атап өтті Талғат Бектеміров.
Айтпақшы, баланы өсіріп, тәрбиелеген ата-әжелер, сондай-ақ ата-аналар да балалардан алимент алуға құқылы. Жұмыс істейтін кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауға міндетті. Егер олар мұны өз еркімен жасағысы келмесе, сотқа жүгінуге болады.

Алименттік қатынастар ерлі-зайыптылар арасында да туындауы мүмкін. Атап айтқанда, бұл төлемдер балаларға алимент тағайындалғанына қарамастан, бұрынғы жұбайын асырап-бағу үшін өндіріп алынады.

"ҚР Неке және отбасы туралы кодексінің 148-бабына сәйкес мұндай төлемдерді талап етуге құқығы бар: жүктілік кезінде және ортақ баланың туған күнінен бастап үш жыл ішінде бұрынғы әйелінің, ортақ мүгедек балаға күтім жасайтын бұрынғы жұбайы және неке бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болған жұмыс істемейтін бұрынғы күйеуі", – деп түсіндіреді маман.
Бұл орайда, егер бұрынғы әйелі немесе күйеуі алкоголь, есірткі пайдалану немесе қылмыс жасау нәтижесінде еңбекке жарамсыз болып қалса, онда төлеуші оны асырау міндетінен босатылуы мүмкін екенін білу маңызды.
"Алименттерді төлеуден бас тартудың тағы бір себебі бұрынғы жұбайының отбасындағы лайықсыз мінез-құлқы болуы мүмкін. Сондай-ақ ол жаңа некеге тұрса немесе алимент тағайындауға негіз болған жағдайлар жойылса, асырау міндеті жоғалады", – дейді Талғат Бектеміров.
Егер адам алимент төлеуді өз бетінше тоқтатса немесе олардан жалтарса, оған ықпал етудің әртүрлі шаралары бар.
"Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туындайды. Сот орындаушылар төлемді борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлкінен өндіре алады. Егер қарыз 250 АЕК-тен асатын болса, онда жауапкердің қызметіне лицензия және басқа да рұқсаттар тоқтатылуы мүмкін. Оның жүргізуші куәлігін пайдалану және шетелге шығу құқықтары да шектеледі", – дейді жеке сот орындаушы.
Бұған дейін Абай облысында алимент төлеуден жалтарған және кірісін жасырған азаматтар туралы белгілі болды.


Источник -  kaz.zakon.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...