Дені де, жаны да сау бала тәрбиелеудің жолдары. Сарапшылар сөйлейді | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Дені де, жаны да сау бала тәрбиелеудің жолдары. Сарапшылар сөйлейді

501
8 минут
Дені де, жаны да сау бала тәрбиелеудің жолдары. Сарапшылар сөйлейді

Бала – өмір жалғасы. Дені мен жаны сау – бала көңіл қуанышы. Баласы бар әр ата-ананың да мақсаты сол.

Алайда көбі баланы қалай рухани және тәндік тұрғыдан сау етіп өсірерін білмейді. Біз бұл сұрақпен мамандарға жүгініп көрдік.

Ақтөбе қаласы, «Медикус центр» медициналық мекемесі бас дәрігерінің орынбасары, жалпы тәжірибелік дәрігер, аллерголог-иммунолог Махаббат Сержанқызының сөзінше, дені сау баланы өсіру үшін ата-ана салқынқанды болу керек.

news6326.jpg

«Баланың дені сау болу үшін ең бірінші оған жеке тұлға ретінде қараған жөн. Оған мүлдем қарамауға немесе қолынан келмейді, кішкентай деп өте қатты үпектеуге болмайды. Балаға қысым жасау дұрыс емес. Ата-ана сабырлы, салқынқанды болу керек. Балаға қатты көңіл бөліп, жүріп бара жатса «құлайды» деп отырса, ол міндетті түрде орындалады. Гиперқамқорлық жасау мүлде дұрыс емес, қарамау да дұрыс емес. Осы екі нәрсенің ортасын ұстанған жөн. Екіншіден, баланың дені сау болып өсу үшін анаға білім қажет. Ол университет бітіру емес, медициналық ұйымдарда «Дені сау бала бөлмесі» деген бар, сол жақтан қажетті білім алып отыруға болады. Алты айға дейін баланы ана сүтімен тамақтандыру керек. Медицинада «Тамақтану пирамидасы» деген бар, сол бойынша баланы тамақтандырған дұрыс. Ең маңыздысы – балаға мұрынмен дұрыс демалуды үйрету керек, түрлі тыныс гимнастикалары бар, өйткені, барлық аурудың басты себебі оттегі жетпегеннен болады, таңертең міндетті түрде бір сағаттық серуен жасау керек. Өйткені ағзаға дәрумендер 49-минуттан бастап сіңе бастайды. Бұл ешқандай қаражатты қажет етпейді. Қорыта айтқанда үш нәрсені дұрыс жасау керек: біріншісі, балаға мұрынмен дұрыс демалуды үйреткен жөн, екіншісі – баланың табаны жылы жүруін қамтамасыз ету керек, үшіншісі – гиподинамия, қан айналым жүйесі жақсы болу үшін омыртқа жаттығуларын жасау қажет. Егер осы үш нәрсе дұрыс жасалса, бала да, ана да сау болады», — дейді Махаббат Сержанқызы.

Ал халықаралық ғылыми травматология және ортопедия орталығының бас директоры Ерсін Тұрсынханұлының сөзінше, балада туа пайда болған ақаулар болмаса, жүре пайда болған тірек-буын жүйесінің ақаулары уақытылы ем қабылдамағаннан болады.

news6327.jpg

«Экологиялық жағдайлардың әсер етпеуіне көңіл бөлу керек. Дәрумен жетіспеушілігінен рахит, қазақша мешел ауруы пайда болады. Туа пайда болған жамбас сан буын ақаулары уақытында емделмеген жағдайда бала жасөспірімдік шаққа жеткенде жүре алмай қалуы мүмкін. Скринингтерден тұрақты түрде өту керек. Көбіне баланы құндақтаған кезде буындары шығып кетіп жатады, осыған мұқият көңіл бөлген дұрыс. Жалпы алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізіп, баланы ерте жастан жүзуге, спорттық үйірмелерге беру керек. Сүйектері өсіп келе жатқан адамның бұлшық еті мен сіңірлері баяу өседі, бойы өсіп кетеді, алайда бұлшықеттері қалып қояды. Соның салдарынан түрлі ауру пайда болады. Сондықтан ерте жастан баланы кешенді түрде жүзуге беріп, балалар ортопедімен бірге жұмыс істеген жөн. Бұл мектеп пен балабақшаның емес, ата-аналардың тікелей міндеті», — дейді Ерсін Тұрсынханұлы.

Ақ халатты абзал жандардың пікірі – осындай. Ал жанды емдейтін психологтар не дейді? Баланың жаны сау болу үшін не істеу керек?

Біз осы сұрақпен психотерапевт маман Сая Бақимоваға жүгіндік.  

news6330.jpg

«Даму барысында бізге әйтеуір бір нәрсе әсер етеді. Оның барлығы травма да емес шығар. Олар үйде неше бала болғаны, үйде қандай жанжал болғаны, бауырлар арасындағы бәсекелестік, осының бәрі біздің қалай қалыптасатынымызға әсер етеді. Баланы травмадан құтқарам деп емес, өмірінде неше түрлі жағдайларға сынып кетпей, төтеп бере алатындай мықты психикамен қалай өсірсем болады деп ойлану керек сияқты. Бақытты болудың өзі субъективті фактор. Бақыт деген – адамның өзі ғана анықтама беріп, өзі ғана өлшейтін жағдайы. Эволюцияда адам бақытты болсын деген алғышарт жоқ, тек адамның тірі қалғаны ғана керек болған. Балаға «сен бақытты бола аласың», «өз көңіл-күйіңе өзің жауаптысың, біреуге көңіл-күйіңнің кілтін беріп қойма» деген түсінікті жеткізе білу керек», — дейді Сая Бақимова.

Психотерапевт маманның сөзінше, ата-ана ең алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.

«Ата-ананың бірінші жұмысы – қауіпсіздік. Баланы қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оны кез келген жағдайда қалдырмау, дүниеге әкелдің бе, өзің бағу, баланы қауіпсіз түрде баға алатын адамдар жұмысын ұйымдастыру – ата-ананың мойнында. Балаға 1-1,5 жасқа дейін бір адам басыбайлы қараса, ол баланың бүкіл өміріне әсер ететін болады. Бұл өте маңызды. Бала туа салып бір ай анасының, екі ай әжесінің қолында болмауы тиіс.

Сексен пайыз жағдайда анасы қолжетімді, сезімтал, жылы, баласын түсіне алатын адам болу керек. Жиырма пайыз жағдайда өзінің жұмыстарымен отырып қалуы мүмкін. Кез келген жағдайда бала анасының көзіне қарайды. Мысалы, үлкенім велосипед тебеді. Өзінің ойынша ол велосипедті күшті етіп теуіп жатыр. Сол жағдайда бала бірден бізге (ата-анасына, — ред.) қарайды. Дәл осы сәтте ата-ана балаға қарап отырса, оның көзқарасын іліп алатын болса, «сенің не істеп отырғаныңды байқап отырмын» дегенді ұқтырса, бала келесіде одан да керемет іс жасауға ұмтылатын болады. Ата-ананың баланың алдындағы миссиясы – баланың өмірдегі саяхатын барынша жеңілдету. Артына, ата-анасына азырақ қарап, көбірек алдыға қарап әрмен қарай өмір сүруін  қамтамасыз ету керек.

Кішкентай бала өмір есігін ашты, ол біздің қолымызда, еңбектеді, ол біздің жанымызда, одан кейін қараңғы бөлмеге кіргісі келді, біз оны қолынан ұстап бірге кірдік. Бір күні ол қараңғы бөлмеге өзі кіруі керек. Оның ішінде осыған дейін болған жақсы эпизодтардың нәтижесінде сыртқы ана емес, ішкі ана образы болады. Бәріміздің ішімізде ата-ананың ішкі образы бар. Үлкейе келе анаң жаныңда болмаса да, ол ішіңнен «қорықпа», «қолыңнан келеді» деп демеу жасайтын болады.

Бала балабақшадан ренжіп келді делік. Ананың жұмысы баланың не үшін ренжіп отырғанын өзі түсінуіне көмектесу. Бала өзі де не үшін ренжігенін білмеуі мүмкін. Осы жерде ана балаға сұрақтар қойып, ішіндегісін суырып алып, баланың ішінде тыныштық орната білуі тиіс. Балада болған өзгерістерге ана дер кезінде реакция білдіріп отыруы керек», — деп түйіндеді сөзін Сая Бақимова.

Источник -  globalnews.kz

Читайте также

  • Комментарии
Загрузка комментариев...