
1-17 қараша аралығында Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайында «Қазақстан, Қытай, Ресей. Қуат палитрасы» атты халықаралық көрме өтуде. Бұл шара «Жібек жолы» кең ауқымды мәдени жоба аясында ұйымдастырылып, үш елдің табиғаты, мәдениеті мен тарихы бейнеленген 600-ден астам фотосуретті қамтыды.
Ұйымдастырушылар, сол жақтан оңға қарай: Ксения Лебедь, Дарья Дунич және Рашида Харипова
Көрме Қытай ғылыми-білім беру фильмдері мен телебағдарламалар қауымдастығы, Қытайдың «Фото және бейне түсірілім» журналы, Ресейдің кәсіби фотографтар лигасы және Қазақстанның «Фотографтар мен цифрлық фотосуретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде өткізілді. «Фотографтар одағының» президенті Дарья Дунич көрменің мақсаты – үш елдің мәдени дәстүрлерінің бірегейлігін көрсету және фотография өнеріне деген әртүрлі көзқарастарды бейнелеу екенін атап өтті:
«Алғашқы көрме Санкт-Петербургте өтті, одан кейін Шанхайда, енді Қазақстанға кезек келді. Фотография тек сыртқы сұлулықты ғана емес, сонымен қатар халықтардың жан дүниесін толтыратын эмоцияларды жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жай ғана көрме емес, құндылықтар мен идеялар алмасуға ықпал ететін маңызды әлеуметтік және мәдени феномен. Біз Жібек жолы жобасын басқа елдерде де жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді Дарья Дунич.
Салтанатты ашылу рәсімінде мұражай директоры Рашида Харипова бұл көрменің тек көркем шара ғана емес, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
«Мұнда сіздердің инклюзивті көзқарастарыңызбен, сүйіспеншілікке толы жүректеріңізбен табиғат сұлулығын, мәдениет ұлылығын және қарапайым тұрмыстың эмоционалды тереңдігін камера объективтері арқылы жеткізген 600-ден астам еңбектеріңіз қойылған. Бүгін біз әлемді, сұлулықты сіздердің көзқарастарыңыз арқылы көруге мүмкіндік алдық», – деді ол.
Цифрлық суретшілердің көздерімен кадрдағы ерекшеліктер мен ұқсастықтар
Көрме көрермендерге әртүрлі жанрларды ұсынды – пейзаждардан бастап портреттерге, репортаждық кадрлардан бастап көркем суреттемелерге дейін. Қытайлықтар өз елінің флорасы мен фаунасын, шалғай аймақтардағы адамдардың портреттерін және ауыл өмірінің көріністерін ұсынды. Ресейлік фотографтар қысқы пейзаждардың қатал сұлулығы мен тарихи ескерткіштердің ұлылығын бейнеледі. Қазақстандық шеберлер далалар мен тауларды, сондай-ақ елдің дәстүрі мен заманауи өмірін көрсететін көріністерді суретке түсірді.
Мысалы, қытайлық фотограф Ли Хунчунның «Көз шағылыстыратын би» фотосуретінде бишінің қоршаған кеңістікпен тұтасып, жарық сәулелерін бейнелеген сәтін көрсеткен. Ал Цзян Цзяньвэйдің «Өмір қауымдастығы» атты басқа бір суретінде Сычуань орманындағы алтын маймылдардың отбасылық бірлігі көрсетілген.
Ресей кәсіби фотографтар лигасының президенті Ксения Лебедьтің айтуынша, көрмеде үш елдің фотографтары бірдей тапсырманы әртүрлі тәсілмен орындай отырып, ортақ үйлесімділікті таба алғаны байқалады:
«Қытайлық фотографтардың қарапайым адамдарды, балықшыларды, ауылдарды жиі бейнелейтінін байқап, олардың көзқарасы қарапайымдау сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олардың туындыларында эмоционалды тереңдік бар. Солай бола тұра, олар Ресей табиғатын суретке түсіргенде, біздің мәдениетімізге мүлдем басқа көзқараспен қарағанын байқадық.
Қазақстандық фотографтарда байлықтың өзіндік бейнесі бар. Мысалы, егер киім болса, алтын түстес, егер дала болса, кең болып келеді. Сондықтан әр елдің фотографтары өздерінің өмірлік көзқарастарын, стильдерін айқындай отырып, ерекшеленеді».
Көрмеде сондай-ақ ұрпақтар арасындағы байланысқа арналған жұмыстар да қойылды. Соның бірі – Қазақстанның құрметті журналисті, фотоөнерге қосқан үлесі үшін Д. П. Багаев медалінің иегері Валерий Коренчук түсірген Ұлы Отан соғысының ардагері Лидия Бакиева портреті. Ол өз сөзінде көрермендердің жан-дүниесіне әсер ететін осындай есте қаларлық бейнелердің маңызын атап өтті:
«Көркем фотосурет – бұл сурет қағазынан көрерменнің көзіне, ал одан жүрегіне жететін өнер. Осы фотосуреттердің кем дегенде жартысы сіздердің жүректеріңізде мәңгі сақталады деп үміттенемін», – деді ол.
Мәдени алуан түрлілік – болашақ ынтымақтастықтың негізі
Шараның қытайлық қатысушылары әр елдегі көрменің ерекшеліктерін атап өтті. «Фото және бейне түсірілім» журналының бас редакторы Лю Си Вынның айтуынша, Қазақстандағы көрме Санкт-Петербургтегі көрмеден айтарлықтай өзгеше:
«Ресейде фотосуреттер кезекпен ұсынылса, Қазақстанда олар бір кеңістікте қойылып, мәдени алуан түрліліктің күшін бірден сезінуге мүмкіндік береді. Мұнда кәсіби шеберлердің ғана емес, әуесқойлардың да еңбектері бар, бұл көрмені ерекше құнды етеді».
Келесі көрме Өзбекстанда өтіп, онда да Ресей мен Қазақстан фотографтарының жұмыстары қойылатын болады. Дарья Дунич «Жібек жолы» жаңа жобалар мен мәдени алмасулардың негізіне айналады деген үмітін білдірді:
«Біз қазірдің өзінде көрменің географиясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл бірнеше жылға арналған үлкен жоба, оның мақсаты – біздің елдеріміз арасындағы ұзақ мерзімді мәдени байланыстарды орнату».
Сурет: АПН