
Нейрондық желілердің пайда болуы өмірдің көптеген салаларының елеулі дамуына ықпал етті. Өкінішке орай, қаскүнемдер де бұл технологияларды өз пайдасына қолдануда. Қазірдің өзінде сізге бейнеқоңырау арқылы «танысыңыз» хабарласып, ақша аударуды сұрауы мүмкін. Оның жүзі Deepfake технологиясының арқасында шынайы көрінеді, сондықтан алаяқты анықтау қиын.
Бұрын бұл технологиялар тек танымал тұлғаларды имитациялауға қолданылса, қазір кез келген адамды қайталауға мүмкіндік бар. КЖА Қазақстан аумағында және шет елдерде жасанды интеллектті пайдаланып жасалатын алаяқтықтың бірнеше түрін назарларыңызға ұсынады.
1. Дыбыстық алаяқтық (Voice Deepfake Fraud)
Қалай жұмыс істейді:
● Қаскүнемдер жасанды интеллектті қолданып, адамның даусын терең фейк технологиялары арқылы көшіріп алады. Мысалы, жәбірленушінің туысы немесе досының даусын қайталайды.
● Олар аудиохабарлама жібереді немесе жәбірленушіге қоңырау шалып, «шұғыл операцияға», «кепілге ақша қажет» деген сылтаумен ақша сұрайды.
Қайда қолданылады:
● Қазақстанда қаскүнемдердің дауысты көшіріп, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардан ақша талап ету жағдайлары тіркелген. Жақында ғана ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында оның даусымен жіберілген жалған хабарламалар туралы ескерту жасады.
Қалай қорғануға болады:
● Ақпаратты бейнеқоңырау арқылы тексеріңіз немесе тек жақындарыңыз ғана білетін сұрақтар қойыңыз.
2. Deepfake-видео
Қалай жұмыс істейді:
Қаскүнемдер әлеуметтік желілердегі таныстарыңыздың немесе достарыңыздың фотосуреттерін қолданып, жалған бейнелер мен қоңыраулар жасайды. Олар ақша аударуды сұрауы мүмкін.
Сондай-ақ танымал адамдардың бейнелерін күмәнді әрекеттерге, инвестицияларға немесе қайырымдылыққа шақыру үшін пайдаланады.
Қазақстанда танымал тұлғалардың видеоларын қаржылық пирамидаларды жарнамалау үшін қолдану оқиғалары болған.
Қалай қорғануға болады:
● «Танысыңыз» қоңырау шалса, жауап бермей, жеке нөміріне қайта хабарласыңыз.
● Танымал тұлғаларға қатысты видеоны ресми дереккөздерден тексеріңіз.
● Еріннің, көздің қозғалысындағы және беттің текстурасындағы ұсақ ақауларға назар аударыңыз.
3. Deepfake-верификация арқылы аккаунттарды ұрлау
Қалай жұмыс істейді:
● Қаскүнемдер жәбірленушінің бет бейнесінің дипфейкін жасап, платформаларда верификациядан өтеді.
● Кейін аккаунттарды бопсалау немесе сату мақсатында пайдаланады.
Қалай қорғануға болады:
● Екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз.
● Күрделі құпиясөздерді пайдаланыңыз.
4. Жалған жұмыс орындары мен түйіндемелер
Қалай жұмыс істейді:
● Қаскүнемдер мәтіндік нейрожелілерді пайдаланып, жалған жұмыс ұсыныстарын немесе түйіндемелерді автоматты түрде жасайды.
● Жәбірленушіден «тіркеу төлемі», «оқыту құны» немесе жеке деректерді жіберуді сұрайды.
Қайда қолданылады:
● Әсіресе, шетелге жұмысқа орналасу саласында жиі кездеседі.
Қалай қорғануға болады:
● Жұмысқа орналасу үшін ешқашан ақша төлемеңіз.
● Компанияларды онлайн пікірлер мен ресми сайттар арқылы тексеріңіз.
5. Жалған интернет-дүкендер
Қалай жұмыс істейді:
● Жасанды интеллект пікірлерді, сайт дизайнын және нақты дүкендердің имитациясын автоматты түрде жасайды.
● Жәбірленушілерге үлкен жеңілдіктермен тауарлар ұсынылады, алайда, төлем жасалғаннан кейін тауар жіберілмейді.
Қайда қолданылады:
● Қазақстанда электроника мен киім сататын жалған дүкендер танымал.
Қалай қорғануға болады:
● Пікірлер мен сатушылардың беделін тексеру қызметтерін пайдаланыңыз.
● Сайттардың HTTPS-протоколының бар-жоғын тексеріңіз.
Мысалы:
o Браузердің мекенжай жолында сайт URL-і алдында «https://» болуы керек.
o Әдетте мекенжайдың жанында құлып белгісі ???? көрсетіледі, ол байланыс қауіпсіздігін растайды.
6. Чат-боттар арқылы әлеуметтік инженерия
Қалай жұмыс істейді:
● Жасанды интеллектпен жабдықталған чат-боттар банктердің, жеткізу қызметтерінің немесе интернет-дүкендердің қолдау қызметі атынан хат жазады.
● Қаскүнемдер карта деректерін немесе жеке ақпаратты алады.
Қайда қолданылады:
● Қазақстанда ірі банктердің немесе ұялы операторлардың қолдау қызметін имитациялайтын чат-боттар кездескен.
Қалай қорғануға болады:
● Мессенджерлер арқылы ешқашан жеке деректерді бермеңіз.
● Байланыстарды ресми сайттар арқылы тексеріңіз.
7. Инвестициялық алаяқтық
Қалай жұмыс істейді:
● Мәтіндік ЖИ сенімді көрінетін күрделі болжамдар жасайды.
● Жәбірленушіге криптовалютаға, стартаптарға немесе қор нарығына ақша салуға кеңес береді.
Қайда қолданылады:
● Қазақстанда криптовалютаға байланысты схемалар танымал.
Қалай қорғануға болады:
● Қаржылық кеңесшілер арқылы ақпаратты тексеріңіз.
● «Жылдам табысқа» уәде бергендерге сенбеңіз.
8. Фишингтік хаттармен шабуылдар
Қалай жұмыс істейді:
● Жасанды интеллект жеке фишингтік хаттарды автоматты түрде жасайды.
● Жәбірленушіні сілтеме арқылы өтіп, карта немесе аккаунт деректерін енгізуге көндіреді.
Қайда қолданылады:
● Қазақстанда банктік қосымшаларды пайдаланушылар жиі нысанаға алынады.
Қалай қорғануға болады:
● Күмәнді хаттардағы сілтемелерді ашпаңыз.
● Жіберушілерді ресми арналар арқылы тексеріңіз.
9. ЖИ арқылы жаппай хабарламалар тарату
Қалай жұмыс істейді:
● ЖИ жеке жүгіну мәтіндері бар жаппай хабарламалар жасайды.
● Қаскүнемдер «қайырымдылыққа» немесе «таныс адамдарға көмектесуге» ақша аударуды сұрайды.
Қайда қолданылады:
● Әсіресе Telegram немесе WhatsApp мессенджерлерінде белсенді.
Қалай қорғануға болады:
● Жаппай таралымдағы сілтемелер арқылы ақша аудармаңыз.
● Адресаттарды бейнебайланыс арқылы тексеріңіз.
10. Жалған әңгімелесулер
Қалай жұмыс істейді:
● Қаскүнемдер ЖИ арқылы «жұмыс берушімен» видеокездесу жасайды.
● Сөйлесу барысында оқу немесе тіркеу үшін төлем сұрайды.
Қалай қорғануға болады:
● Видеокездесулерді тек тексерілген компаниялармен орнатыңыз.
● Glassdoor сияқты сайттар арқылы жұмыс берушілерді тексеріңіз.
11. Жалған құжаттарды жасау
Қалай жұмыс істейді:
● ЖИ жалған келісімшарттар, түбіртектер, сертификаттар және басқа құжаттарды жасайды.
Қайда қолданылады:
● Қазақстанда көбінесе несиелер мен қарыз алу үшін жалған анықтамалар жасауға қолданылады.
Қалай қорғануға болады:
● Құжаттарды заңгерлер немесе тиісті органдар арқылы тексеріңіз.
Жаңа жылдық мерекелер кезінде алаяқтардың белсенділігі айтарлықтай артады. Олар зиянды сілтемелерге апаратын құттықтау хаттарын жіберуі мүмкін. Сондай-ақ жалған қайырымдылық шаралары мен үлкен жеңілдіктер ұсынатын интернет-дүкендер кең таралған.
ҚР ІІМ деректері бойынша, мұндай қылмыстардың небәрі 20%-ы ашылады, сондықтан, ақшаны қайтару немесе қылмыскерді жазалау мүмкіндігі өте төмен. Сол себепті күмәнді ұсыныстардан сақтанып, кез келген ақпаратты мұқият тексеру қажет.
Cурет ЖИ арқылы жасалған
Аударған Айдар Урисбаев