Ватсабыңызды алаяқ бұзса, не істеу керек | Агентство профессиональных новостей - AIPN.KZ | Агентство профессиональных новостей (АПН)

Ватсабыңызды алаяқ бұзса, не істеу керек

75
6 минут
Ватсабыңызды алаяқ бұзса, не істеу керек
Таңмен маған бір танысымнан хат келді. «Сәлем, картада 185.000 жоқ па? Кешке дейін қайтарамын?» деп жазыпты. Бұл кісі ең алдымен «сәлем» емес, «сәлеметсіз бе» деп сөйлейтін еді ғой, оның үстіне сауатты жан сөйлем соңына сұрақ белгісін қоса қойғаны несі?» деп таңғалдым. Бірден алаяқ емес пе екен деген ой келді. Сөйтіп әрі-сәрі болып отырғанда бәріміз отыратын ортақ чаттан да сондай хабарламалар келіп жатты. Онда бұл хабарламаны алаяқ жазып отырғаны, шын мәнінде ол кісінің өзі емес екені айтылған.

Осыған ұқсас жағдайлар елімізде көп болады.

Біз бұндай жағдайда не істеу керектігін талқылайық.

Қосфакторлы авторизация қойылмаған аккаунттар алаяқтардың құрығына оңай түседі.

Қорғанысты жасау үшін WhatsApp параметрлерін ашыңыз. Есептік жазба бөлімін таңдаңыз, содан кейін Екі сатылы тексеру > Қосу немесе PIN-код орнату түймесін басыңыз. Қалаған алты таңбалы PIN-кодты енгізіп, оны растаңыз. Қол жеткізе алатын электрондық пошта мекенжайын көрсетіңіз немесе мекенжайды көрсеткіңіз келмесе Өткізіп жіберу түймесін басыңыз.

Аккаунттың бұзылғанын қалай білуге болады?

Егер басқа құрылғыдан аккаунтыңызға кіру туралы push-хабарлама алсаңыз және бұл әрекетті өзіңіз жасамаған болсаңыз, әрекет туралы ақпаратты экранның жоғарғы оң жағындағы «⋮» белгісіне, содан кейін «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміне басу арқылы тексере аласыз. Егер аккаунтыңызға рұқсатсыз кіру орын алған болса, жаңа нөмірлер мен топтар қосылып, параметрлер өзгертілуі мүмкін.

Енгізу уақыты күдікті көрінуі мүмкін – мысалы, сіз жақында ғана оянсаңыз да, басқаларға желіде бір сағат бұрын болғандай көрінуі мүмкін. Бірақ мұны өзіңіздің смартфоныңыздан көру қиын.

WhatsApp-тағы хабарламалар шифрлау арқылы қорғалған, сондықтан аккаунтыңызға кірген адам хат алмасуды оқи алмайды. Алайда, ол сіздің атыңыздан хабарлама жіберіп, әрекет ете алады. Сондықтан, аккаунтқа кіруді қалпына келтіру шараларын мүмкіндігінше жылдам қолға алыңыз.

Егер аккаунтыңызды бұзып кірген болса, мынадай әрекеттерді орындаңыз:

1. Жақындарыңызды хабардар етіңіз. Хат алмасатын барлық адамдарға аккаунтыңыздың бұзылғанын ескертіңіз. Бұл оларды алаяқтардың ақшалай аударым сұраулары мен басқа да арандатушылық әрекеттерден сақтайды.

2. Бөгде сессияны жабыңыз. WhatsApp параметрлерінде «Выйти» батырмасын басу арқылы анықталған рұқсатсыз сессияны тоқтатыңыз.

3. Техникалық қолдау қызметіне хабарлаңыз. WhatsApp-тың техникалық қолдау қызметіне жазып, жағдайды сипаттаңыз. Бұл олардың қауіпсіздікті жақсарту шараларын қабылдауына көмектеседі. Техқолдауға шығу үшін: «⋮» таңбасына басыңыз, «Настройки» – «Помощь» – «Справочный центр» тармағына өтіп, «Помощь» чатын таңдаңыз.

4. WhatsApp-ты қайта орнатыңыз. Қосымшаны жойып, қайта орнатыңыз. Телефон нөміріңіз арқылы кіріп, SMS немесе телефон қоңырауы арқылы келетін алты таңбалы кодпен нөміріңізді растаңыз.

5. Резервтік көшірмені қалпына келтіріңіз. Егер деректерді резервтік көшіру қосылған болса, оның қалпына келуін күтіңіз – сөйтіп, барлық хат алмасуларыңыз жүктеледі. Енді аккаунт толық сіздікі!

Егер алаяқ екі факторлы аутентификацияны қосып, PIN-код орнатқан болса, бұл қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда WhatsApp-ты қайта орнатқан соң аккаунтқа кіру үшін жеті күн күтуге тура келеді, содан кейін PIN-кодты қалпына келтіруге болады.

Егер сіздің WhatsApp аккаунтыңызды бұзуға тырысып жатқанының белгілерін байқасаңыз, мына шараларды қабылдаңыз:

1. SMS кодтарына мұқият болыңыз. Аккаунтқа кіру үшін SMS арқылы келетін растау коды немесе мессенджердегі код сұрау туралы хабарлама бұзуға әрекет жасалып жатқанын білдіруі мүмкін. Мұндай кодтарды ешкіммен бөліспеңіз. Егер код сізге келсе, бұл басқалардың кіру әрекеттерін шектейді, бірақ кейбір жағдайларда алаяқтар арнайы құрылғылар немесе гаджетіңізге вирус жұқтыру арқылы кодты алуы мүмкін.

2. Құрылғыны вирусқа тексеріңіз. Егер сізге күмәнді хабарламалар немесе басқа қауіп белгілері байқалса, смартфоныңызды вирусқа тексеріп көріңіз. Бұл үшін сенімді антивирус бағдарламасын қолданыңыз.

3. WhatsApp-ты қайта орнатыңыз. Қауіпсіздік үшін қосымшаны жойып, қайта орнатыңыз. Бұл әсіресе гаджетіңізге вирус жұқса пайдалы.

4. Кодтарды ешкімге айтпаңыз. SMS арқылы келетін немесе қоңырау кезінде айтылатын растау кодын ешкімге бермеңіз. Мұндай кодтарды банктер де, ұялы операторлар да, әлеуметтік желілердің қолдау қызметі де сұрамайды. Бұл ақпаратты құпия ұстау – аккаунтыңызды қорғаудың маңызды ережесі.

Бұл қарапайым ережелерді ұстану арқылы сіз аккаунтыңызды бұзу әрекеттерінен сақтай аласыз.

Ал күмәнді хабарлама алған адам бірден сенім білдірмей ол кісінің өзіне телефон шалғаны дұрыс. Егер қоңырауды өзі алмаса, жанындағы туыстарына хабарласыңыз. Сонда алданбайсыз!
  • Комментарии
Загрузка комментариев...